Қандастарды қоныстандыратын кезде өңір ерекшеліктері ескерілуі керек - Jibek Joly
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қандастардың басым көпшілігін Павлодар облысы қабылдап жатыр. Мәселен, соңғы бірнеше күнде аталған өңірге 48 отбасы көшіп келген. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасына сұхбат берген Павлодар облыстық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының басшысы Альмира Дисюпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің мемлекет білікті кадрларды тартуға ғана емес, этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтаруға да күш салып жатыр. Қоныс аудару бағдарламасы іске асырылғаннан бері Павлодар облысына 2 мыңнан астам адам келді. Бұл шамамен 460 отбасы. Қандастардың кейбірі кәсіпкерлікпен айналысады. Яғни, бұл біздің өңірдің экономикалық тұрғыдан дамытуға үлес қосады. Негізінен Павлодар облысының аумағына келетін қандастар ауылдық жерлерде қоныстанады» , - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Альмира Дисюпова Павлодарға қоныстанған қандастардың қай елдерден оралғанын айтты.
«Қандастардың басым бөлігі Моңғолиядан, Қытайдан және Өзбекстаннан келді. Биыл Түрікменстаннан қоныс аударушылар да бар. Бүгінгі күні аталған елден бізге 14 отбасы келді, жалпы саны - 82 адам. Оның ішінде отбасылардың бір бөлігі көшуге субсидия алды», - деп баяндады Альмира Дисюпова.
Басқарма басшысы сұхбат барысында қазіргі көші-қон саясатын қайта қарау керектіне тоқталды.
«Бүгінгі жағдайды қарайтын болсақ, жалпы көші-қон саясатын заңнамалық деңгейде қайта қарау қажеттілігі бар деп есептейміз. Ол туралы қазір айтылып та жатыр. Осынған байлынысты оның жаңа тұжырымдамасы талқылануда. Бұл орайды әрбір аумақтың өңірлік ерекшелігіне мән беру қажет. Павлодар облысы өнеркәсіптік аймақ болғандықтан бізге тиісінше жоғары білікті мамандар қажет. Сонымен қатар, азаматтықты алу мерзімін қайта қарау қажет деп санаймыз. Мұндай ұсыныстар тиісті органдарға жолданды», - деп түйіндеді Павлодар облыстық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының басшысы.
Еске салайық, бұған дейін «Jibek Joly» телеарнасындағы «Жаңа уақыт» бағдарламасына сұхбат берген Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов бизнеске мемлекеттен қандай қолдау қажет екендігін айтқан болатын.