Қандастарға қолдау көрсететін бірыңғай байланыс орталығы ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Отандастар» қоры қандастарды сауалдары бойынша қабылдайтын арнайы байланыс орталығын ашады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қандастарға қолдау көрсететін бірыңғай байланыс орталығы ашылады

Бұл туралы қор президенті Нұртай Әбіқаев ақын, «Нұр Отан» партиясы қабылдау бөлімінің хатшысы Ауыт Мұқибекті қабылдау барысында хабарлады.

«Даярланған жұмыс жоспары аясында «Отандастар» қоры жанынан арнайы байланыс орталығын ашпақпыз. Онда қандастарымыз өздерін мазалаған барлық сұраққа жауап ала алады. Жобалық басқару тәсілі арқылы бұл орталықта елге оралған және оралуға ниетті отандастарымызға қажетті барлық ақпар жинақталатын болады. Аталмыш бастама алдымен Астана мен Алматыда, одан кейін еліміздің басқа да аймақтарында ұйымдастырылады. Жобаны жүзеге асыру барысында орталық мемлекеттік органдар, профильдік компаниялар және ұйымдармен бірігіп жұмыс істейміз деген ойдамын», - деді қор басшысы.

Кездесу барысында қор басшысы Нұртай Әбіқаев Ауыт Мұқибекті 50 жас мерейтойымен құттықтап, өз Отанын және халқын сүйетін ұлтжанды азамат ретінде еліміздің дамуына, тәуелсіздігінің нығаюына бағытталған іс-шараларға белсене қатысып, қолдау көрсетіп жүргені үшін арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Қытай жерінде дүниеге келген қазақ ақыны тарихи отанына 1998 жылы біржола қоныс аударған. Содан бері шет елдерде тұратын қандастарымыздың қазақ топырағына оралуына, осы орайда туындаған қиындықтардың оңтайлы шешілуіне атсалысып жүр. Қазақ көшінің жанашыры ретінде «Тұңғыш Президенттің көші-қон қорын» құру мәселені 2011 жылдан бері көтеріп келді.

«Отандастар» сияқты қор құру мәселесін біраз жылдан бері көтеріп келдім. Себебі отандастарға көмек көрсететін мұндай қорлар Израиль, Германия сияқты әлемнің бірқатар алпауыт мемлекеттерінде бар. Елбасының тапсырмасымен ол арман да, міне, орындалды. Келем деген қазаққа, Отанда қоныстанып қалам деген қазаққа қазір бізде қиындық жоқ. Енді олардың мәселелерімен кешенді түрде айналысатын қордың пайда болғанына өз басым қуаныштымын», - деді Ауыт Мұқибек.