Қандастарымыз Шәкәрімнің қолжазбасын 80 жыл бойы сақтап келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қандастарымыз қазақ халқының асыл мұрасын 80 жыл бойы сақтап келген, деп жазады 24.kz.

Қандастарымыз Шәкәрімнің қолжазбасын 80 жыл бойы сақтап келген

Қытайда тұратын қазақтардың арасында ашаршылық кезінде қудалауға ұшырап, шекара асып кеткендер көп болғаны баршаға мәлім. Солардың ішінде Шәкәрімнің кенже ұлы Зият та бар. Ол шекара асарда өзімен бірге әкесі Шәкәрімнің қолжазбаларын алып өткен. Кейіннен Кеңес үкіметі оны Қытайдан да тауып алып, кері қайтарған. Бірақ ұсталардан бұрын Зият әкесінен қалған мұраны жергілікті қандастарына аманат етіп үлгеріпті. Олар 80 жыл бойы сол мұраны сақтап, кейін аманат етіп Қазақстанға жіберген. Отызыншы жылдары Зият Шәкәрімұлы Құнанбайдың ұрпақтарымен бірге Қытай асып, Тарбағатай, Алтай тауларын паналаған. Зият Қытай жерінде жүріп те оқу-ағарту жұмыстарына белсенді қатысады. «Шыңжаң-Алтай» газетінде қызмет істеген жылдары Алаш қозғалысының белсенділерімен қоян-қолтық араласады. Кейіннен 1936 жылы қызмет бабымен Үрімшіге қоныс аударады. Сонда ол тұңғыш рет өзінің құпиясын ашады.

«Кәрім Дүйсебаев деген кісі Қазақстаннан қашып келген. Осы адамға Зият: «Мен Үрімшіге кетіп бара жатырмын. Ол жақта қазақ аз. Сіз қалың қазақтың арасында отырсыз ғой. Мынау әкемнің қолжазбасы еді. Құдайға аманат, сізге аманат!» - деп тапсырған екен», - дейді жазушы, ақын Көбен Асқарұлы.

Бұл құнды құжат Кәрімнің қолында көп тұрмайды. Ол да көп зиялының ізімен айдауға кетеді. Сезіктенсе керек, айдалардан бір ай бұрын асыл мұраны өзінің шәкірті, Қытай қазақтарының жазба әдебиетін қалаушылардың бірі Асқар Татанайұлына тапсырған. Асқар ол кітапшаны көзінің қарашығындай сақтайды. Бірақ ол жазбалар кейін жоғалады. Жылдар салып кітапты Асқардың ұлы Көбен тауып алып әкесіне қайта табыстайды.

«Әкеме әкеліп бергенімде ол өзінің әкесі тірілгендей қуанды. «Апырай, жарықтығым-ай, сен өлмеген екенсің ғой»,- деп көзіне жас алды. Содан сақтап келдік», - дейді Көбен Асқарұлы.

«Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» мен өзінің өлеңдері жазылған Шәкәрім қолжазбасы жарты ғасырдан астам уақыт осы жанұяда сақталып келді. Бүгінде Көбеннің ұлы Ерлан оны Қазақстанға алып барды. Қазір ол құнды мұраны отандық ғалымдар зерттеп, анық-қанығын анықтауда. Ал Көбен ағамыз сан жылдар сақтаған кітаптың нақ Шәкәрімнің қолжазбасы екеніне кәміл сенімді.