Қандастарымыздың көші-қоны алдағы уақытта қайтадан жандана түседі - Г. Сейітмағанбетова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламенттің бесінші сессиясында қабылданған Заңның бірі көші-қон мәселелерін реттеуге бағытталған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жаңалықтары туралы Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және маслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің төрайымы, аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Гүлнар Сейітмағанбетова әңгімелеп берді.
- Гүлнәр Сүлейменқызы, бұл ел тұрғындары ғана емес, шетелдегі қандастарымыз да елеңдеп күткен Заң екені анық. Осы заңды қабылдау барысында қандай жұмыстар атқарылды?
- Бізде бар мәліметтерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден 1 миллионға жуық қазақтар көшіп келді. Бұл ел тұрғындарының 5,5 пайызын құрайды. Дегенмен шетелде әлі де көптеген қандастарымыз тұрып жатыр. 2013 жылы заңға енгізілген өзгерістерге орай көші-қонның үдерісі баяулап қалды. Себебі онда бірталай кедергілер болған еді. Ал мына заң жобасының ең басты жаңалығы этникалық қазақтардың көші-қоны төңірегінде туындап отырған мәселелерді шешуде, соларды жеңілдетуде бірқатар нақты-нақты жаңа нормалар қабылдануымен ерекше екенін айта кетуім керек. Үкіметтен де бірнеше жаңа нормалар келіп түскен еді, бірақ депутаттар тарапынан олар жетілдірілді.
Бұрынғы заң бойынша бізге шетелден келген қазақтар азаматтық алуы үшін әуелі Қазақстанда төрт жыл тұруы міндетті болған еді және өзінің төлем қабілетін растауы қажет болатын. Белгілі бір мөлшерде, 2 млн теңгеден астам қаражатты банкілік есепшотқа құюы керек болды. Сол сияқты Үкімет айқындаған өңірге баруы міндеттелді. Сонда ғана оралман мәртебесін алды, аздаған жеңілдіктер берілді. Ал басқа өңірге көшіп келсе, оларға оралман мәртебесі берілмей, бірқатар қиындықтарға ұшырады. Енді біз жаңа Заңмен осы кедергілердің бәрін алып тастадық деуімізге болады.
Біріншіден, келетін этникалық қазақтар қоныстанған өңіріне қарамастан, Қазақстанның қай облысына келсе де, оралман мәртебесін ала алады. Екіншіден, төрт жыл тұруға міндетті емес, Қазақстан азаматтығын бір жылдың ішінде ала алады. Жалпы, өтініш берген күннен бастап, үш айдың ішінде де алу мүмкіндігі бар. Бірақ бір жылдың ішінде азаматтықты алып болуы керек. Төлем қабілетін растау талап етілмейді. Кедергі келтірген осы үш мәселе бойынша біздер бірталай жеңілдіктер жасадық. Сондықтан қандастарымыздың көші-қоны алдағы уақытта қайтадан жандана түседі деп ойлаймыз.
Жұмыс тобының құрамына қандастарымызды біріктіретін қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Оның бірі «Жебеу» қоғамдық ұйымынан Ауыт Мұқибек деген азамат, ол Қытай қазақтарының проблемаларын жақсы біледі, өзі де сол жақтан көшіп келген. Екіншісі Қайрат Бодаухан есімді азамат, ол кезінде Моңғолиядан қоныс аударған. Осылайша, өзіміз білмейтін қандай ішкі проблемалар бар екенін білу мақсатында және оларды шешу үшін біз шетелде тұратын екі үлкен диаспораның өкілдерін жұмыс тобына қосып, заң жобасын талқылаған барлық жиналыстарымызға қатыстырдық.
- Заңға енгізіліп отырған тағы қандай жаңалықтар бар?
- Депутаттардың ұсынысы бойынша тағы бір жаңа заңдық норма енгізілді. Бүгінгі таңда Қазақстан шетелдегі қазақтарға білім гранттарын беріп отыр. Білім гранттарына ие болып не өз бетінше жоғары оқу орындарына келіп түскен қазақ жастарына жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуына құқық беретін норма енгізіліп отыр. Бұл да болса, оң бастама. Себебі бұрынғы заң нормалары бойынша олар біздің елімізде білім алады, бітіргеннен кейін Қазақстаннан шығып кетуі керек болатын. Оралман мәртебесін, одан кейін азаматтықты алу үшін көші-қонның бүкіл процесінен өтіп, қайта келуі қажет еді. Енді оқуға келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
Сонымен қатар азаматтық алу кезінде қандасымыздың тіркеген жері болуы талап етілді. Студенттердің азаматтықты рәсімдеу кезінде қиындықтар туындамасын деп, жаңа заңдық нормалар енгіздік. Қызметтік немесе жеке тұрғын үйі болмаған кезде оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында не білім беру ұйымдарының жатақханаларында бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуге құқық беретін норма қарастырылды. Бұл да болса, қандастарымыздың өз Отанына келгенде, аз уақыттың ішінде азаматтығын алуға және жаңа ортаға тез бейімделіп кетуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Сондай-ақ олар үшін визаны ұзарту жөнінде проблема болып келді. Себебі виза үш айға беріледі. Осы мерзімде азаматтығын, тағы басқа мәселелерді реттей алмаса, үш айдан кейін өзі келген мемлекетке барып, визасын ұзартуы тиіс болған. Осындай қиындықтар болған соң, біз оны жеңілдетіп, визаны ұзарту мәселесін шешуді Ішкі істер органдарының құзыретіне бердік. Айталық, Ақтөбеге келген адам қайтадан Қытайға не Иранға бармай-ақ, сол жердегі ішкі істер департаментіне барып, визасын ұзарта алады.
Сол секілді алғашқы заңдарда болған, кейін алынып тасталған бір норма бар. Ол отбасын біріктіруге байланысты шетелдерде тұратын ағайын-туыстарын шақыру мәселесі еді. Мысалы, кейбір елдердің мемлекеттік органы отбасын біріктіру үшін куәландырылған шақырту қағазын сұрайтыны анықталды. Соған орай жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретіне шақырту қағазын беру және куәландыру жөніндегі қосымша міндеттер жүктелді.
- Ал қандай қандастарымызға азаматтық мүлдем берілмейді?
- Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған, сондай-ақ ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар қандастарымызға азаматтық берілмейді. Адамға қарсы ауыр қылмыс жасаған, не болмаса террористік, экстремистік оқиғаларға қатысқан не сондай көзқарасты ұстанған адамдарға азаматтық беруден мүлдем бас тартылады. Өйткені бұл мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін сақтауға байланысты. Ол барлық елдердің заңдарында бар норма.
Шетел қазақтарының тағы бір өтініші болды. Азаматтықты алар кезде олардан бұрын тұрған мемлекетінің азаматтығынан шықты деген анықтама талап етілді. Ал кейбір елдер «бара бер» дейді де, ондай анықтама бермейді екен. Яғни, сондай анықтама алуда қиындықтар туындайды. Соған орай Сыртқы істер министрлігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 315 қаулысымен өзгеріс енгізіліп, ондай елден анықтама әкелу жөніндегі талап алынып тасталды.
Ішкі көші-қон мәселелесін реттеуде де тиімді әрі халыққа пайдалы жаңа нормалар енгізілді. Тұрғындар аз қоныстанған өңірлерге жастарды тарту арқылы олардың санын арттыру, баратын адамдарды ынталандыру, әлеуметтік қолдау мәселелері көзделіп отыр. Осы орайда, қазір «Серпін» бағдарламасы жүзеге асып жатыр ғой, соның аясындағы кейбір нормаларды біздер заңдастырдық. Мысалы, оңтүстіктен тұрғындары аз солтүстікке оқуға барған жастарға колледждерде оқу үшін білім гранттары беріледі, сол оқу орнының жатақханасында тұрады, тағы басқа мәселелер заңда айқындалды.
- Қорытынды ой-пікіріңізді білдірсеңіз?
- Жұмыс тобы барысында кейбір қаржыға не басқа да әлеуметтік-құқықтық нормаға қатысты баптар болды, оларды Үкіметке оң қорытынды алу үшін жіберіп отырдық. Жаңа сессияның басында жан-жақты жетілдіріле келген заң жобасы жалпы отырыстың қарауына ұсынылды, бірінші, одан кейін екінші оқылымда мақұлданды. Қараша айында Сенат депутаттары да қарап, Заңды қабылдады. Ал 2015 жылдың 24 қараша күні Мемлекет басшысы осы бір маңызды Заңға қол қойды.
Бүгінгі қандастарымыздың алға тартып келген проблемаларының көбін осы Заң аясында шеше алдық. Бірақ заңмен жұмыс жасау процесінде жергілікті атқарушы органдардың, осы заң нормаларын терең зерделей отырып, заң аясында жұмыс жасап, қандастарымызды қабылдауда сауаттылық танытуына да көп мәселе байланысты болмақ. Қандастарымыздың арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Себебі көбіне Заңның нормаларын білмегендіктен, қайшылықтар, теріс әрекеттер туындап жатады. Мысалы, қандасымыз бір жылдың ішінде азаматтық алуы керек екені жазылған. Тіпті үш айдың ішінде де алып үлгереді. Егер бір жылда алып үлгермесе, олар жеңілдетілген тәртіппен алу мүмкіндігінен айырылып қалады да, жалпы тәртіппен алу процесіне тап болады. Ал жалпы тәртіппен азаматтық алу үшін Қазақстанда бес жыл тұруы керек. Міне, осыны біз келген және қоныс аударуға қамданған қандастарымызға жіті түсіндіруіміз қажет. Жеңілдетілген тәртіп бар екен деп бірнеше жыл жүріп алмауы қажет. «Ой, білмей қалдым, бір мәселелер шығып қалды» деген сылтаумен уақыт өткізіп алуға болмайды. Тұрақты тұруға көшіп келді ме, азаматтық алуға қажетті құжаттарды жинап, тапсыруға бірден кірісуі керек.
Алмағайып заманда көшіп кеткен не сол шетелде ғасырлар бойы тұрып жатқан немесе шекара сызығын белгілегенде, сыртта қалып қойған этникалық қазақтар қаншама?! Олар балаларының болашағы үшін тарихи Отаны - Қазақстанға көшіп келгісі келеді. Қазақ елінің келешегі үшін білім алып, өзінің тәуелсіз мемлекетіне еңбек сіңіруді мақсат етеді. Олардың осы арман-тілегін жүзеге асыруға қолдау көрсету, орнығып, бейімделіп кетуіне жағдай жасау біздің міндетіміз және барша Қазақстан азаматтарының парызы деп ойлаймын.
- Келелі ойларыңызды ортаға салғаныңызға рақмет.