Қандасымыз Уәлихан Серікұлы Қытай чемпионатында алтыннан алқа тақты

ҮНЖУ. ҚазАқпарат - Шыңжаңдық қандасымыз Уәлихан Серікұлы грек-рим күресінен Қытай чемпионатының алтын медалін ұтып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қандасымыз Уәлихан Серікұлы Қытай чемпионатында алтыннан алқа тақты

Бұл жарыс бүгін Қытайдың Үнжу қаласында басталған болатын. Уәлихан Серікұлы 63 келі салмақта өнер көрсетіп, финалда шанхайлық қарсыласын 9:0 есебімен ұтты. Қандасымыз осыдан кейін Олимпиадаға лицензиялық іріктеу турниріне қатысатын болады.


У.Серікұлы – 1993 жылы Шыңжаңның Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. Қытай құрамасының сапында өнер көрсетеді. Қытай чемпионатының 4 дүркін жүлдегері, Мажарстан астанасы Будапеште өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатында 3-орын иеленген.

Уәлиханның бапкері Әлнұр Төргеұлы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қытай атынан 2004 жылғы Афины Олимпиадасына қатысқан.