Қандай дәрі-дәрмектерді тегін алуға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде азаматтардың жекелеген санаты амбулаториялық ем алу кезінде дәрі-дәрмектерді тегін немесе жеңілдікпен ала алады. 2026 жылы науқастарға қандай препараттар қолжетімді, кімдердің мұндай көмек алуға құқығы бар және дәріханада тағайындалған дәрі болмаса, не істеу керек? Бұл сұрақтарды Kazinform тілшісі зерделеп көрген еді.
Дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етуге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйелері аясында кепілдік беріледі. Алайда мемлекет есебінен дәріні барлық азамат және кез келген ауру кезінде тегін ала алмайды. Мұндай көмекті алу құқығы диагнозға, науқастың санатына және медициналық көрсетілімдерге байланысты.
Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді реттейтін негізгі құжат – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығы. Құжатта белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санатта тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі бекітілген.
Бұл құжаттан аурудың түрін, науқастардың тиісті санаттарын және оларға қарастырылған препараттарды табуға болады. Дегенмен дәрінің атауына ғана емес, оны тағайындау шарттарына да назар аудару қажет. Кейбір препараттарға қатысты қосымша шектеулер белгіленген.
2026 жылы тізбенің 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген өзгерістері ескерілген редакциясы қолданылады. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы 25 мамырдағы №57 бұйрығымен бекітілген келесі өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Сондықтан қолданыстағы талаптарды тексергенде түзетулердің күшіне ену мерзімін ескеру маңызды.
Тізбе созылмалы, әлеуметтік маңызы бар және сирек кездесетін түрлі ауруға арналған препараттарды қамтиды. Олардың қатарында жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, онкологиялық және гематологиялық ауруларды, сондай-ақ бауыр мен ас қорыту ағзаларының кейбір ауруларын және басқа да дерттерді емдеуге арналған дәрілер бар.
Мәселен, жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастардың белгілі бір санатына клопидогрел, ацетилсалицил қышқылы, бисопролол және амлодипин сияқты препараттар қарастырылған.
Жүйке жүйесінің жекелеген аурулары кезінде тізбеге карбамазепин, ламотриджин, топирамат және леветирацетам сияқты эпилепсияға қарсы дәрілер енгізілген.
Кейбір онкологиялық және гематологиялық аурулары бар науқастарға иматиниб пен дазатинибті қоса алғанда, арнайы препараттар қарастырылған. Сондай-ақ созылмалы вирустық гепатиттерді, ішектің қабыну ауруларын және сирек кездесетін тұқым қуалайтын дерттерді емдеуге арналған дәрілік терапия схемалары бар.
Бұл – қолданыстағы тізбеде көрсетілген белсенді заттардың мысалдары ғана. Олар тиісті диагнозы бар әрбір науқасқа міндетті түрде берілетін дәрілердің әмбебап тізімі емес. Нақты препаратты, оның дозасын және оны беру шарттарын ресми тізбе мен дәрігердің тағайындауы бойынша тексеру қажет.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бекітілген тізбеге енгізілген аурулары бар азаматтардың жекелеген санатына қарастырылған. Созылмалы аурудың болуы науқасқа дәрілер автоматты түрде тегін беріледі дегенді білдірмейді.
Мәселені қарау кезінде мына жайттар ескеріледі:
• диагнозы және медициналық көрсетілімдері;
• тізбеде көрсетілген науқас санаты;
• құжатта белгіленген тағайындау шарттары;
• препараттың атауы мен дәрілік түрі;
• ТМККК немесе МӘМС аясында дәрімен қамтамасыз ету тәртібі.
Бұл жүйелерде дәрі-дәрмек беру шарттары медициналық көмектің түріне қарай ерекшеленеді. 2026–2028 жылдарға арналған кепілдіктер бағдарламасы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді № ҚР ДСМ-75 бұйрығына сәйкес қарастырады.
Тегін дәрі-дәрмекті қалай алуға болады?
Алдымен науқас өзі тіркелген емханаға жүгінуі керек. Аурудың түріне қарай алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерінен немесе бейінді маманнан кеңес алу қажет.
Дәрігер науқастың жағдайын бағалап, медициналық көрсетілімдерді тексереді және тиісті негіздер болған жағдайда ем тағайындайды. Егер қажетті препарат нақты жағдай бойынша бекітілген тізбеде болса, тиісті рецепт рәсімделеді.
Дәріні медициналық ұйым белгілеген тәртіппен алу керек. Тек атауы тізбеде болғаны үшін препаратты өз бетінше таңдауға болмайды. Оны тағайындау диагнозға және науқастың жағдайына байланысты.
Егер науқасқа тиесілі дәрі емхана жанындағы дәріханада болмаса, алдымен медициналық ұйымға жүгініп, препараттың не себепті жоқ екенін және жеткізудің болжамды мерзімін анықтаған жөн.
Дәрі-дәрмекті сатып алу медициналық ұйымдардың өтінімдері негізінде жүзеге асырылады. Бұл өтінімдерде қажетті препараттардың көлемі, дозалары және жеткізу кестесі ескеріледі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы ТМККК және МӘМС аясында азаматтарды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге қажетті жалпы қаражат көлемі 567 млрд теңгеден асады. Сатып алу науқанына 2 мыңнан астам дәрілік зат пен медициналық бұйым енгізілген. Бұл – 2025 жылмен салыстырғанда 7,2 пайыз көп.
Егер мәселені емхана арқылы шешу мүмкін болмаса, науқас Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаментіне немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады. Онда дәрімен қамтамасыз ету тәртібі мен өз құқықтарын қорғау жолдарын нақтылауға болады.
Белгілі бір препаратты тегін алуға болатынын білу үшін «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіндегі ресми тізбені ашып, өз диагнозы бойынша дәрімен қамтамасыз ету шарттарын тексеру қажет.
Іздеу кезінде дәрінің белсенді затының атауымен қатар, науқастың санатына, медициналық көрсетілімдерге және құжатта көзделген басқа да шектеулерге назар аударған жөн. Осыдан кейін емдеуші дәрігерден препараттың тағайындалуы мен оны алу тәртібін нақтылау керек.
Осылайша, Қазақстанда дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету барлық азаматқа ортақ бірыңғай тізім бойынша емес, аурудың түріне, науқастың санатына және белгіленген медициналық көрсетілімдерге сәйкес жүзеге асырылады. Сондықтан препараттың ресми тізбеде болуы оның барлық жағдайда тегін берілетініне кепілдік бермейді.
Айта кетейік, соңғы жеті жылдың ішінде Қазақстанда азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге шамамен 1,3 трлн теңге бағытталды. Жыл сайын орта есеппен 3,3 млн пациент қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілді.