Қандай жағдайда шекарадан өткендерді санитар мамандар тексереді
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шекарадан өткізу талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

Кеден одағының шекарасында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен белгіленген.
Көлік пен адамдар кеден одағының аумағына және аумағынан келгеннен (кеткеннен) кейін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық амандығы саласында төтенше жағдай қаупі болған жағдайда санитариялық карантин бақылауынан өтуі керек.
Мынадай қауіп-қатер кезінде санитариялық тексеру жасалады:
- көлік ауру жұқтырған елдерден (елге) және химиялық, радиациялық авария аудандары бар елдерден (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізбесіне сәйкес) келген (кеткен) кезде;
- аумақты санитариялық қорғау шараларын жүргізуді талап ететін ауруға күдікті адамдардың әуе немесе теңіз кемесінің бортында болмауы туралы алдын ала ақпаратты белгіленген тәртіппен хабарламау;
- көлік құралында ауру жұқтырған елдерден халықаралық рейспен келген немесе инкубациялық кезең шегінде осындай елдерден келген адамдардың болуы;
- бұрын жүзеге асырылған санитариялық карантин бақылау барысында халықаралық тасымалды жүзеге асыратын көлікте халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың бұзылуын анықтау;
- бүтіндігі бұзылған, құрамында іш киім, киім, төсек-орын жабдықтары немесе тұрмыста пайдаланатын өзге де заттар, ыдыс-аяқ, ойыншықтар бар және ауру жұқтырған елдерден немесе эпидемия аймағынан келген халықаралық почта жөнелтімдері;
- ауруға күдікті адамдардың көлікте бар екені туралы ақпараттың түсуі;
- кеміргіштердің немесе олардың ізінің көлік құралында болуы;
- ауру жұқтырған аудандары бар елдерден немесе эпидемия аймақтарынан келген көлік құралында жәндіктердің болуы;
- бақылаудағы радиациялық фоны жоғары тауарларды, көлік құралының орнын ауыстыру фактісін анықтау.
Бүкіл шаралар адам денсаулығына ықтимал қауіпті өнімдерді әкелуге, инфекциялық аурулардың әкелінуіне және таралуына жол бермей, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жоғары стандартын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.