Қандай жағдайда терапевтке бармай басқа дәрігерлерге жүгінуге болады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Осы жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында азаматтардың тар бейінді мамандарға жүгіну тәртібіне өзгеріс енді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл өзгерістер азаматтарға медициналық көмекті жедел алуы үшін жасалды.
Тар бейінді мамандарға жүгіну тәртібі бар. Ол үшін азамат медициналық ұйымға тіркелуі тиіс. Сондай-ақ сақтандыру мәртебесін растауы қажет. Бұдан кейін жалпы тәжірибелік дәрігерге көрініп, алғашқы тексеруден өту керек. Алайда, осы жылдың 1 сәуірінен бастап кейбір жағдайларда терапевттің жолдамасынсыз бейінді дәрігерге жүгінуге болады.
Жаңа ережелерге сәйкес азаматтар келесі жағдайларда бірден маманға бара алады:
— Офтальмологиялық және оториноларингологиялық мәселелерді қоса алғанда, шұғыл жағдайлар мен жарақаттарда;
— Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек алу үшін. Балалар, жүкті әйелдер, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, зейнеткерлер және азаматтардың басқа да санаттары жолдамасыз стоматологиялық көмекке жүгіне алады;
— Дерматовенерологиялық аурулар бойынша. Тері аурулары бар науқастар дерматологқа тікелей хабарласа алады;
— Онкологиялық және/немесе гематологиялық ауруларға күдікпен тиісті талдаулар мен медициналық қондырғыларда түскен суреттері қолда болған кезде;
— Тіркелген жері бойынша акушер-гинеколог және психолог қабылдауына бару үшін терапевттен жолдама қажет емес;
— Науқастың жағдайын аурудың профилі бойынша динамикалық бақылау. Тар бейінді мамандардың есебінде тұрған пациенттер оларға жолдамасыз жүгіне алады.
— Жастар денсаулық орталықтарына 14 пен 29 жас аралығындағы жастар жолдамасыз жазыла алады;
— Бір жағдай бойынша бейінді маманға қайта көріну үшін жолдама қажет емес.
Барлық өзгерістер сондай-ақ МӘМС жүйесі аясында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ қандай жағдайда медициналық қызметкерді үйге шақыруға болатындығын жазған едік.