Кандидаттар арасында қызық пікірсайыс болады - сарапшы

None
Фото: ortcom.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Әмина Үрпекова еліміздегі сайлауалды науқанға баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1 наурызда жеті саяси партия өкілдері арасында сайлауалды телевизиялық пікірсайыс өтті. Дебат барысында біраз эмоция мен қарсыластар арасындағы бәсекелестік байқалды. Пікірсайысқа қатысушылар көрерменнің назарын барынша аударуға тырысты. Бұл бір жағынан партияларға сайлауда дауыс жинауына жол ашса, екінші жағынан, кандидаттардың негізгі идеялары мен ұстанымдарымен танысу мүмкіндігі туды. Өткен пікірталас партиялардың негізгі бағыты мен әлеуметтік базасын тағы бір рет көрсетті. Сонымен қатар дауыс жинау үшін күресте олардың негізгі қарсыластарын анықтады. Мәселен, бизнес қоғамдастық пен ауыл сайлаушыларының дауысы үшін бәсекелестікті атап өтуге болады», - деді Әмина Үрпекова.

Оның мәлімдеуінше, дебат барысында партия өкілдері әлеуметтік, экономикалық көрсеткіштерге баса назар аудара отырып, сандар және деректермен жұмыс істеген.

Сарапшының айтуынша, бұл белгілі бір деңгейде сайлауалды дайындықты көрсетеді және 16 наурызда бұдан да қызық пікірсайыс күтіп тұр.

«Бір мандатты округтер бойынша аралас сайлау жүйесіне көшу қазақстандықтардың азаматтық, саяси белсенділігін көрсетуге айтарлықтай серпін берді. Осылайша, 10 мыңнан астам азамат Мәжіліс пен мәслихаттар депутаты болып сайлануға өз құқығын пайдаланып отыр. Саяси сынға түсушілердің сайлау науқанында бәсекеге қабілеттілігі көптеген факторға байланысты. Атап айтқанда, кандидаттың және оның штабының мотивациясы мен көзқарасы, материалдық және адами ресурстары, науқанға дайындық деңгейі, креативі, шынайылығы тағы сол сияқты. Мемлекет тарапынан БАҚ-қа тең қолжетімділікке кепілдік беріледі. Әділдікті барынша қамтамасыз ету үшін үгіт-насихат мәселелері реттеледі. Одан бөлек, әр кандидат сайлауалды науқан жұмысы үшін мемлекеттен тең сома алады», - дейді ол.

Сондай-ақ, ҚСЗИ өкілі заңнамалық тұрғыдан барлық кандидаттың мүмкіндігі тең, ал науқанның нәтижесі үміткерлердің өзіне байланысты екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар
telegram