Кандидаттарға уақыт жеткілікті – сарапшы президент сайлауы жайында

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кезектен тыс президент сайлауына қатысуға ниетті кандидаттардың дайындалуға уақыты жеткілікті. Мұндай пікірді «Қазақстандық қоғамды дамыту институты» ҰАҚ сараптама және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының сарапшы-менеджері Бауыржан Серікбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кандидаттарға уақыт жеткілікті – сарапшы президент сайлауы жайында

«Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында осы жылдың күзінде кезектен тыс президент сайлауы, ал келер жылдың бірінші жартыжылдығында парламент сайлауы өтетінін айтқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда президент сайлауы да, парламент сайлауы да алдын ала жария етілді. 1 қыркүйектен бергі уақытта сарапшылар үшін де, саясаткерлер үшін де осы процесті талқылап, дайындық жүргізуге толық мүмкіндік болды. Сондықтан меніңше, қазір өз кандидатурасын ұсынатын азаматтар, белсенділер, саясаткерлер үшін дайындалуға жағдай жасалды. Сайлау 20 қарашаға белгіленді. Оған дейін де әлі екі айдай уақыт бар. Демек, уақыт жеткілікті», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.

Сонымен қатар сарапшы парламент сайлауы келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өтетінінің алдын ала жариялануы да саяси партиялар үшін қазірден бастап дайындалуға толық мүмкіндік беретіндігін баса айтты.






Фото: facebook.com/bauyrzhan.serikbayev