«Канело» қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мексикалық боксшы Сауль Альварес Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Канело» қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

Спортшының құттықтау лебізін Suleimen Promotions кәсіби спорт командасы желіде жариялады.

- Қазақстан халқы, Наурыз құтты болсын! Бар жақсылықты тілеймін, - дейді «Канело» видеода.

Айта кетейік, Сауль Альварес — бірнеше салмақта өнер көрсететін мексикалық кәсіпқой боксшы. The Ring журналының таңдауы бойынша үздік боксшы және жыл боксшысы атанған.

Кәсіпқойлар арасында екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы, жартылай орта салмақта WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы, WBC, WBA, WBO және The Ring тұжырымдары бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы, WBC, WBA Super, IBF және The Ring тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы.

Жалпы, бүкіл мансабында әлем чемпионы атағы үшін 20 боксшыны жеңген.

Ол 2017 жылы қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шығып, айқас тең аяқталды. Тура бір жылдан кейін өткен қарымта кездесуде төрешілердің басым бөлігінің шешімімен «Канело» жеңіске жетті.