Каникул кезінде балаларға бақылау керек - Астана полициясы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда полицейлері оқушылардың қысқы каникулының басталауына байланысты балаларды бақылауда ұстауды сұрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана қаласының полиция департаменті қысқы каникул кезінде кәмелетке толмағандар арасында заңға қайшы әрекеттердің алдын алу және жолын кесу мақсатында балалардың бос уақытын өткізу барысы мен орналасқан жерін тексереді.
«Ата-аналардың дұрыс бақыламауы балалардың жазатайым оқиғаларға ұшырауына себеп болып жатады. Осыған орай, ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Балаларға жолдағы және күнделікті тұрмыстағы жүріс-тұрыстың қарапайым ережелерін үйрету керек. Балаларға қамқор болыңыз. Каникул кезінде балалардың қысқы ойындарға қызығушылығы артады, алайда бұл ретте олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін», - дейді департаменттен.
Елорда полиция департаментінің ата-аналарға ұсынысы:
- аяз және дауылды күндері серуендеуді азайтыңыз немесе мүлдем тоқтатыңыз;
- су қоймаларына жоламаған жөн, мұз жарылуы мүмкін. Мұзға ойылған жағдайда айқайлап көмек сұрап, жағаға өздігінен шығуға әрекет жасау қажет.
- балаңыздың кешкі уақытта қайда жүргенін бақылаңыз;
- балаға көшеде және бейтаныс адамдармен өзін қалай ұстау керектігін ескертіңіз;
- жарақат алмау үшін мүмкіндігінше тайғақ жерді айналып өтуге тырысыңыз;
- салынып жатқан және қараусыз қалған ғимараттарға кіруге қатаң тыйым салу керек. Бұл - балалар үшін өте қауіпті.