Канн фестивалі аясында Қазақстанның ұлттық павильоны таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде кинематография тарихында алғаш рет Қазақстанның Ұлттық кинопавильоны ашылды. Аталған іс-шара Канн фестивалінің 70-ші мерейтойлық датасына орайластырылды. Аталған кинопавильонның бағдарламасында басты орынды Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша ЭКСПО-2017 аясында 2017 жылғы 22-28 шілде күндері өтетін «Еуразия» Халықаралық кинофествалінің тұсаукесері алды.

Канн фестивалі аясында Қазақстанның ұлттық павильоны таныстырылды

Атап айтсақ, Ұлттық павильон жұмысының аясында XIII «Еуразия» Халықаралық кинофестваліне дайындық шаралары пысықталды. Бұл ретте Астанадағы ортақ іс-шаралар айқындалып, кинопавильон жұмысы барысында көрсетілетін фильмдер іріктеліп алынды.

Айта кетейік, 2017 жылдың 17 мамырында Францияның Канн қаласында 70-мерейтойлық кинофестиваль өз жұмысын бастады. Фестиваль аясында құрылған комиссия екі мыңға жуық толықметражды фильмдер арасынан комиссия биыл 150-ге жуық туындыны таңдап алған. Ал байқаудың басты сыйлығы - «Алтын пальма бұтағы». Оны иелену үшін бұл жолы сынға 18 картина түседі.

Қазақстанның Ұлттық кинопавильонының ашылуы отандық кинематография үшін бұрын соңды болмаған тың серпіліс. Әлбетте, бұл бастама қазақстандық туындылардың халықаралық алаңға шығудың мүмкіндігі болып табылады. Фестивальдың екі апта бойы қазақстандық кинематографистердің жұмыстарын көрсету шаралары өткізіледі. Оған қоса, фильмдер, жобалар мен қызметтерді жарнамалау үшін кәсіби кездесулер мен келіссөздер өткізу мақсатында бірегей алаң ұсынылды. Павильон еліміздің киноиндустрия қатысушылары, яғни киноөндірушілер, рентал студиялар, киножелілер, мәдениет және туризм саласындағы үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар үшін ашық болады. Қазақстан павильонындағы каталогтарда отандық киноиндустрия өкілдері туралы мейлінше толық ақпарат орналастырылды Сондай-ақ, павильонның LED экрандарында отандық фильм трейлері, жоба тизерлері мен компаниялар туралы видеороликтер үздіксіз көрсетіліп тұрады. Сол сияқты Қазақстандағы түсірілімдердің мүмкіндіктері мен түрлі табиғи ландшафтар туралы видеороликтер де павильон көрермендерінің назарына ұсынылады.

Естеріңізге сала кетейік, 19 мамыр күні La Plagedu Grayd'Albion мекенжайы бойынша Канныдағы Францияның Ұлттық кинематография орталығының алаңында Қазақстан павильонының ашылуы бойынша ресми қабылдау өтті. Салтанатты кештің концерттік бағдаламасында Қазақ ұлттық өнер университетінің камералық ішекті аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен Айман Мұсақожаева мен халықаралық танымалдыдыққа қол жеткізген, миллиардтардың көзайымына айналған қазақстандық орындаушы Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Сондай-ақ, бұл рәсімге Канн кинофестивалінің және кинонарықтың басшылары, қонақтары мен қатысушылары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Франциядағы ҚР елшілігі, Канн қаласының басшылығы мен кинокомиссия өкілдері, өнер және бизнестің танымал қайраткерлері, барлығы 500-ге жуық қатысушы шақырылды. Айта кетейік, кеш барысында Канн қаласындағы Франция Ұлттық кинематография орталығының үлкен экранында еліміздің бай табиғи ландшафтары бейнеленген кинотуындылардың үзінділері көрсетілді. Сонымен қатар аталған фильмдер көрермендерге Қазақстанның бүгінгісі мен өткен тарихын тамашалауға үлкен мүмкіндік тудырды. Ресми қабылдаудың негізгі әрі алғашқы шарасы -халықаралық Канн кинофестивалінің беделді алаңында Қазақстан павильонының таныстырылымын өткізу болды.