Канн кинофестивалінде Қазақстан павильонының ашылуы - әлемнің кинематографиялық қауымдастығымен мәдени байланыстарды нығайта түседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде өтіп жатқан «ЭКСПО -2017» халықаралық мамандандырылған көрме мен 70-ші мерейтойлық Канн фестивалінің аясында 2017 жылғы 22-28 шілде күндері өтетін «Еуразия» Халықаралық кинофествалінің тұсаукесері өтті.

Канн кинофестивалінде Қазақстан павильонының ашылуы - әлемнің кинематографиялық қауымдастығымен мәдени байланыстарды нығайта түседі

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша аталған іс-шараға орайластырып қазақ кинематографиясының тарихында ең алғаш рет ұлттық кинопавильон өз есігін айқара ашты.

Осыған орай, Францияның Канн қаласында француздардың ұлттық кинематография орталығының алаңында қазақстандық павильонның ашылу салтанатты кешіне орай ресми қабылдау өтті. Оған кинематография саласында ойып тұрып өз орнын алатын 500-ге жуық қонақтар шақырылды. Бұл ретте Франциядағы ҚР Елшілігі өкілдерінің Канн кинофестиваліне және фестиваль аясындағы іс-шараларға қатысуы Қазақстан Республикасының дамыған әрі бай киноиндустриясы бар ел ретіндегі имиджін қалыптастыруға және халықаралық кинематография қауымдастығымен мәдени байланыстарды нығайтуға септігін тигізетінін айта кеткен жөн.

Аталмыш кеш барысында халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева біздің ел өз мәдениетін осы сынды әлемдік деңгейдегі іс-шараларда көрсетуі керек екендігін, әрі оның рухани жаңғыру бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларымен үйлесімін табатындығын атап өтті.

«Мерейтойлық Канн кинофестивалі - біздің кино саласының жетістіктері мен сәтті жобаларын көрсетудің, сондай-ақ әлемдік кинематограф өкілдеріне Қазақстанды үздік түсірілім алаңы ретінде таныстырудың тамаша мүмкіндігі. Біздің ел бірнеше климаттық белдеулерде жатыр, бұл өз кезегінде түрлі географиялық міндеттері бар фильмдерді түсіруге мүмкіндік береді» - деп атап өтті Айман Мұсақожаева.

Сондай-ақ, спикердің пікірінше, қазақстандық кино әлемдік кинокеңістікке бірігуі қажет. «Біздің студенттер ағылшын тілін жетік біліп, Халықаралық кинофестивальдерге атсалысуы қажет, бір елмен шектелмеуі қажет. Теориялық білім тәжірибеге ұлауы тиіс», - деп атап өтті ҚазҰӨУ ректоры.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ҚазҰӨУ ұстаздары Ерлан Нұрмұхамбетов пен Талғат Тайшанов ҚазҰӨУ оқу базасы негізінде студенттермен бірге толықметражды фильм түсірген болатын. Ректордың айтуына сүйінсек, кинематография саласында білім қуған студенттер киноөндірістің барлық кезеңіне қатысады. Сондай-ақ, олар заманауи түсірілім техникаларымен жұмыс істеудің қыр-сырын барынша меңгеруде.

Айта кетейік, халықаралық Канн кинофестиваліне биыл алғаш рет қазақстандық режиссерлер де қатысады. Еліміздің атынан жас режиссер Диас Әзімжановтың «Ультио» атты қысқаметражды фильмі Short Film Corner секциясында көрермен назарына ұсынылмақ.

Бүгінгі күні Канндағы Қазақстанның Ұлттық кинопавильоны 700-ден астам адам қабылдағаны белгілі.

Канн кинофестивалінде Қазақстан павильонының ашылуы халықаралық кинематографиялық қауымдастықпен мәдени байланыстардың нығаюына елеулі үлес қосты. Сондай-ақ, ол мемлекетіміздің және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен киноиндустриясы дамыған ел ретінде әлемдік аренада ел имиджінің қалыптасуына оңтайлы әсер етті.