Қант бағасы 12,1 пайызға қымбаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бергі 7 айда Қазақстандағы инфляция көлемі 2,7 пайызды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰЭМ статистика комитетіне сілтеме жасап.
Баға азық-түлік тауарларына биылғы жеті айда - 2,5%, азық-түлік емес тауарларға - 3%, ақылы қызметтерге 2,8%-ға өсті.
Ағымдағы жылдың басынан бері қызылша бағасы - 35,7%, сәбіз - 34,5%, құмшекер - 12,1%, мәйекті ірімшік - 8,1%, консервіленген сүт - 7,1%, ірімшік және сүзбе - 6,3%, кофе - 5,8%, сары май, ет өнімдері - 4,5%-ға қымбаттаған.
Бағаның төмендеуі қиярға - 57,3%, қызанаққа - 44,2%, сарымсаққа - 26,7%, жұмыртқаға - 12,3%, тәтті бұрышқа - 10,4%, картопқа 5,9%-ға тіркелді.
Дизель отыны - 12,9%, баллондағы сұйытылған газ 4,8%-ға қымбаттады, ал бензин 2%-ға арзандады.
Қызметтер құнына келсек, кабельдік телевизия қызметі - 9,1%-ға, құқықтық, жеке көлiк құралдарын сақтандыру қызметі - 6%-ға, санаторийлер қызметі - 5,1%-ға қымбаттады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға - 4,4%, кәрізге 3,2%-ға жоғарылады.