Қант диабеті өмірге сәби әкеліп, ана атануға кедергі емес - дәрігер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қант диабетімен ауыратын 50-ден астам әйел помпалық инсулин терапиясының арқасында аман-есен босанды. Бұл туралы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қант диабеті өмірге сәби әкеліп, ана атануға кедергі емес - дәрігер

Мамандардың айтуынша, помпалық инсулин терапиясының арқасында анада да, балада да асқынуларды азайтуға, тіпті болдырмауға болады. Помпалық инсулин қандағы инсулиннің тиісті деңгейін қамтамасыз етеді. Ол үшін дәрігер әр науқастың қажетті көрсеткіштерін құрылғыға енгізеді.

«Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ эндокринологтері барлық өңірлерден келетін помпалық инсулин терапиясындағы 1 және 2-типті қант диабеті бар жүкті әйелдерге, ауыр эндокриндік патологиясы бар босанған әйелдерге бақылау жүргізеді. Ауруды уақтылы анықтау және емдеу жағымсыз салдардың алдын алады. 2022 жылы жүктіліктің әртүрлі кезеңдерінде қант диабеті диагнозы қойылған 50-ден астам әйел өтті, олардың барлығы аман-есен босанды. Қант диабеті өмірге сәби әкеліп, ана атануға кедергі емес», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Роза Қуанышбекова.

2016 жылдан бастап инсулинге тәуелді 2-типті қант диабетімен диспансерлік есепте тұрған 38 жастағы алматылық Бұлбұл Болатхан жүктіліктің 13 және 32 апталық кезінде ҒЗИ-да стационарда ем қабылдады. Таңдалған помпалық инсулин терапиясы аясында гликемия деңгейі 30-40%-ға төмендеп, ол осы жылдың сәуір айында аман-есен қыз баланы дүниеге әкелді.

«Шыдамдылық, мейірімділік, жанашырлық – бұл осы клиника дәрігерлеріне күн сайын өз жұмысын кәсіби және адал орындауға көмектесетін қасиеттер»,- дейді Бұлбұл.


Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ