Қант өндіру көлемі 49% артты - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің 4 облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары өсу қарқыны тіркелді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қант өндіру көлемі 49% артты - АШМ
«Облыстар бөлінісінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсу қарқыны 4 облыста байқалды. Олар: Қостанай облысында – 119,9, Ақмола облысында – 116,5, Маңғыстау облысында – 114,8, Солтүстік Қазақстан облысында 112,2 пайыз өсім тіркелді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, осы жылдың 9 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,7 пайызға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрады.

«Бұл ретте, қант өндіру көлемінің 49,8, жарманың 40, өсімдік майының 39,9, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың 20,3, ұнның 10,2, өңделген күріштің 8, макаронның 5,8, шұжық өнімдерінің 4,9 % артқаны байқалды», - деді Ербол Қарашөкеев.