Қант өндіруге төлейтін субсидия артқан сайын жергілікті мазмұн азая түскен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейінгі үш жылда қант өндіруге төлейтін субсидия артқан сайын жергілікті мазмұн азая түскен. Мәжілістегі Үкімет сағатында Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев осындай тенденция қалыптасқанын жеткізіп, мұны «парадокс» деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министр өз баяндамасында жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу саласында 93 млрд астам теңгеге 30 жоба іске асатынын атап өтті. Алайда бүгінгі таңда қосылған құны жоғары өнімнің үлесі - сала бойынша 1,5% ғана. Бұдан төмен қайда барамыз? Қант бойынша да жағдай өте күрделі. Республика дайын өнімнен де, шикізаттан да импортқа толықтай дерлік тәуелді. Отандық өнідіріс үлесі 10% да жетпейді. Слайдта көрсетілгендей, қант бағасы соңғы 4 жылда 213 теңгеден 442 теңгеге дейін өсіп, екі еседен аса қымбаттады», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның дерегі бойынша, Үкіметтің қант саласын дамытуға арналған кешенді жоспары 495 млрд теңгені қажет етеді.

«Былтыр 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілді. Биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда, осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр. Мысалға, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9% ғана қамтамасыз етілген болса, 2021 жылы - 7 %, ал 2022 жылы - 6 % дейін төмендеді. Парадокс: ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз. Осы орайда Үкіметке аталған мәселені шешудің балама жолдарын қарастыруды ұсынамыз», - деді комитет төрағасы.


Соңғы жаңалықтар