Қант саласын дамыту жоспары қандай мәселелерді шешеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент тапсырмасымен 4 негізгі бөлімнен және 33 іс-шарадан тұратын Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қант саласын дамыту жоспары қандай мәселелерді шешеді

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Үкімет отырысында айтты.

«Кешенді жоспар қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуатын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді. ҚР Салық кодексінің 411-бабына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қызылша қантын өндіру кезінде қосылған құн салығын 70%-ға дейін төмендететін салық жеңілдіктері көзделген», - деді ҚР АШМ өкілі.

Жоспарда аталған преференцияның қолданылу мерзімін ұзарту шарасы, тізбені құрақ қантпен толықтыру да көзделген. Бұдан басқа, қант бағаларының ең төменгі деңгейін (БТД) енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігін жетілдіру, оның ішінде, қант қызылшасын қайта өңдеуге тапсырудағы субсидиялау нормативтерін, тұқымдар мен будандар бағасының өсуін ескеріп, тұқым шаруашылығын субсидиялау нормативтерін ұлғайту пысықталады.

Тұтастай алғанда, шикізат базасын дамытуға арналған инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 495 млрд теңге. Материалдық-техникалық құндылықтарды субсидиялаудың қажетті көлемі 168 млрд теңге, оның ішінде қант зауыттарының негізгі және айналым қаражатын толықтыруға қажетті субсидиялар көлемі – 39,3 млрд теңге.

«Кешенді жоспарды іске асыру алдағы 5 жылда отандық шикізаттан өндірілетін қант көлемін 250 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте 2026 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда импорт үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендейді, отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қамтамасыз ету 7%-дан 43%-ға дейін ұлғаяды. Қант саласын дамыту мәселесі барлық мүдделі тараптардың үйлестірілген іс-қимылын талап ететінін ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға кешенді жоспар іс-шараларын сапалы және уақтылы іске асыруға көмек көрсетуді тапсыруды сұраймыз», - деді Әбілқайыр Тамабек.

Айта кетейік, тоқсаныншы жылдардан бастап елдегі қант қызылшасы алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін төмендеген.

Вице-министрдің айтуынша, республика бойынша жылына 532 мың тонна қант тұтынылады, оның ішінде отандық шикізат, яғни қант қызылшасы есебінен қамтамасыз ету деңгейі 7%-ды, отандық зауыттардың құрақ қантын өңдеу есебінен – 35%-ды құрайды, 58% қант импортқа тиесілі.