Қаңтар-ақпан айларында Қазақстандағы инфляция 2,5 пайызды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың қаңтар-ақпанында Қазақстан Республикасында инфляция 2,5 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Қаңтар-ақпан айларында Қазақстандағы инфляция 2,5 пайызды құрады

Статистика мәліметтеріне қарағанда, баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы екі айда 2,7 пайыз, азық-түлік емес тауарларына - 1,8 пайыз, ақылы қызметтерге - 2,8 пайызға өсті. Ал ағымдағы жылдың басынан бағаның өсуі жаңа жиналған көкөністерге 8,7 пайыз, қантқа - 8,5 пайыз, қара шайға - 6,2 пайыз, нанға - 5,8 пайыз, жұмыртқаға - 5,4 пайызды құрады. Сонымен қатар, жаңа жиналған жемістерге баға 5,3 пайызға, күнбағыс майы 5 пайызға, жармаларға, кептірілген жемістер мен жаңғақтарға 3,9 пайыздан, макарон өнімдеріне 3,6 пайыз, құс етіне - 2,9 пайызға өскен.

Баға өсімі фармацевтикалық өнімдерге 7,3 пайыз, тұрмыстық бұйымдарға 3,5 пайыз, шыны және қыштан жасалған өнімдерге 3,1 пайыз, тоқыма бұйымдарына - 2,7 пайыз, жуғыш және тазалағыш құралдарға, жеке қолданатын тауарларға - 2,5пайыз-дан, автомобильдерге - 2,3 пайыз құрады. Сонымен бір мезгілде, баға бензинге 0,8 пайыз, дизель отынына 0,3пайызға төмендеді.

«Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер кәрізге 9,4 пайыз, орталықтан жылытуға - 7 пайыз, ыстық суға - 6,3 пайыз, қоқыс шығаруға - 5,2 пайызға, электр энергиясына, суық суға 4,4пайыздан, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға 4,2 пайызға жоғарылады», - делінген баспасөз баянында.