Қаңтар-ақпанда инфляция 1,8 пайызды құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстандағы инфляция 1,8 пайызды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы екі айда - 2,6, азық-түлік емес тауарларына - 1,3, ақылы қызметтерге 1,2 пайызға өсті.
Жылдың басынан бағаның өсуі картопқа - 15, жаңадан жиналған көкөністерге - 13,9, сиыр етіне - 5,3, сары майға - 4,3, қой етіне - 4,2, жаңадан жиналған жемістерге - 3,3, жылқы етіне - 2,7, мәйекті ірімшікке - 2,2, консервіленген сүтке, нанға 2,1 пайыз белгіленді. Бағаның төмендеуі жұмыртқаға - 4,7, қантқа - 3,2, қарақұмық жармасына 1 пайызға тіркелді.
Баға өсімі автомобильдерге - 2,2, шыны және қыштан жасалған өнімдерге - 2, фармацевтикалық өнімдерге, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 1,4, газеттер, кітаптар және кеңсе тауарларына - 1,3, жиһаз және үйге қажетті заттарға, тоқыма бұйымдарына, жеке қолданатын тауарларға - 1,2, тұрмыстық аспаптарға 1 пайызды құрады. Бензин - 4,3, баллондағы сұйытылған газ 4,2 пайызға қымбаттады.
Баға деңгейі құқық қызметтеріне - 7, көлiк құралдарын сақтандыруға - 6,8, денсаулық сақтау - 2,3, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы - 1,4 пайызға өсті. Қалааралық автобуспен жол жүру ақысы 2,7 пайызға қымбаттады, ал жолаушылардың әуе көлігімен - 9,1, темір жол көлігімен қатынауы 0,3 пайызға арзандады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер кәрізге - 6,8, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға - 4,2, орталықтан жылытуға - 2,4, электр энергиясына, ыстық суға - 2,3, суық суға 2,2 пайызға жоғарылады.