Қаңтар-ақпанда Қазақстан халқының нақты ақшалай табысы 2,6 пайызға өсті
Бұл туралы бүгін 2013 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған ҚР Үкіметінің отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
Экономиканың өсуімен ел азаматтарының әлеуметтік әл-ауқаты да тепе-тең қамтамасыз етіліп отырғандығын баса айтқан министр: «Халықтың нақты ақшалай табысы 2013 жылдың екі айында 2,6 пайызға, қаңтар-наурыздағы нақты жалақы 0,9 пайызға, ал номиналды жалақы 7,8 пайызға өсіп, 101 мың теңгеден асты», - деді.
Сонымен қатар Е.Досаевтың атап өутінше, еңбек нарығындағы жағдай тұрақты болып отыр. Наурыздағы жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халыққа шаққанда 5,3 пайызды құрады.
«Бұған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру елеулі ықпал етіп отыр. Оны іске асыру үшін 2013 жылы 71 млрд. теңге көзделді. Бірінші тоқсанда 19,8 мың қатысушымен әлеуметтік келісімшартқа қол қойылды, олардың жартысынан астамы жастар», - деді ол.