Қаңтар-ақпанда Қазақстанда көтерме сауда көлемі 3 пайызға артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстанда көтерме сауда көлемі 1993,7 млрд. теңгені құрап, 2014 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 3 пайызға артты.

Қаңтар-ақпанда Қазақстанда көтерме сауда көлемі 3 пайызға артты

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, 2015 жылғы қаңтар-ақпанда «Көлік» саласы бойынша нақты көлем индексі 106,9 пайызды құраған. Ал осы кезеңде жүк айналымының көлемі 78,5 млрд. тонна/шақырым (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемінің бағалауы есебімен) құрап, 2014 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 15,5 пайызға артты. Жолаушылар айналымының көлемі 40 млрд. жолаушы/шақырым құрап, көрсеткіш 2,9 пайызға артты.

Бұдан бөлек, 2015 жылғы қаңтар-ақпанда «Байланыс» саласы бойынша нақты көлем индексі 109 пайызды құрады. Ал осы кезеңде «Сауда» саласы бойынша нақты көлем индексі 103,2 пайызға жеткен.

«2015 жылғы қаңтар-ақпанда бөлшек сауда көлемі (қоғамдық тамақтандыру айналымынсыз) 857,2 млрд. теңгені құрап, 2014 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 3,9 пайызға өсті. Бұл ретте көтерме сауда көлемі 1993,7 млрд. теңгені құрап, 2014 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 3 пайызға артты. Сонымен қатар, есепті кезеңде тамақ өнімдері мен сусындарды ұсыну бойынша қызметтердің көлемі 38,6 млрд. теңгені құрады», делінген баспасөз баянында.