Қаңтар-ақпанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 6,7 пайызға өсті

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Қаңтар-ақпанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 6,7 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Қаңтар-ақпанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 6,7 пайызға өсті

«Қысқа мерзімді экономикалық индикатор биылғы жылдың қаңтар-ақпанында былтырғы жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 6,7 пайызға өсті. Соның ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6 пайызға артты. Қолданыстағы бағаларда 2 трлн 311 млрд теңгені құрады», - деді ол.

Агенттік төрағасының атап өтуіне қарағанда, кен өндіру өнеркәсібінде 4,6, өңдеу өнеркәсібінде - 7,6, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда - 5,4, сумен жабыдықтауда 2 пайыз көлемінде өсу қарқыны байқалды.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 107 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 1,9 пайызға артқан.