Қаңтар айында 21 мыңнан астам алматылық түлек ҰБТ тапсырды

Қаңтар айындағы ҰБТ
Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 21 мыңнан астам адам қаңтар айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 67,2%-ы қазақ тілінде, 32,7%-ы орыс тілінде, 11 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. 

Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингі барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, ҰБТ-да шекті балды 81%-ға жуық талапкер жинады. Орташа бал – 71. Бұл республика бойынша нәтижеден 2 балға жоғары. Ең жоғары балл – 134. 

«2024 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін өте жақсы тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 78%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлер тек 36%-ы тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Салыстырмалылық теориясының элементтері» тақырыбы қиын болды», - деді Наужан Дидарбекова.

Айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында қаңтар ҰБТ-сына 41 бала қатысты. Алматыда қаңтар айында 21 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырды. 

Айта кетейік, бұған дейін қаңтар айында 134 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсырғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ талапкерлерге ҰБТ уақытын еске салатын SMS-хабарлама жолданатыны хабарланды. 

Соңғы жаңалықтар