Қаңтар айындағы ҰБТ басталғалы 15 мыңға жуық талапкер тест тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Сынақ тапсырған талапкерлердің 67% – ы қазақ тілінде, 32,9% - ы орыс тілінде, 13 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
ҰБТ басталғалы шекті балды 67% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 59 балды құрады. Ең жоғары балл – 133.
«Қаңтар айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін өтеді. Естеріңізге сала кетсем, тестілеуге қатысуға 136 мың өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 19%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 22 адам тапсырған», - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бірінші аптада 52 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Бүгінгі таңда 12 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 5 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады. Sayasat Nurbek Ұлттық тестілеу орталығы ҚР ҒЖБМ Ruslan Yemelbayev