Қаңтар айында берілген электрондық-цифрлық қолтаңбалар рекордтық көрсеткішке жетті
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңа жылдың алғашқы айында Қазақстанда 130 мыңнан астам электрондық цифрлық қолтаңба берілген. Олардың 31,5 мыңға жуығы жеке куәліктердің чиптеріне жазылды.
Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызмеінен хабарланды.
«Сарапшылардың болжамы бойынша, республиканың халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық цифрлық қолтаңба жазу бойынша жаңа қызметтің пайда болуына байланысты, ағымдағы жылы оны алған қазақстандықтардың саны айтарлықтай өседі. Бүгінгі күні елімізде 144 Халыққа қызмет көрсету орталықтарында чипке электрондық цифрлық қолтаңба жазылған жаңа жеке куәлік беру бойынша қызмет көрсетеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық үкімет бұрыштары ашылған, бұл жерде қазақстандықтарға электрондық қызметтер алу мәселелері жөнінде кеңес беріледі», - делінген хабарламада.
Электрондық цифрлық қолтаңба жазылған куәліктің иесі үйден шықпай-ақ, картридердің көмегімен мемлекеттік қызметті онлайн түрде ала алады. Ал картридерді тұрмыстық немесе компьютерлік техника дүкендерінде сатып алуға болады.
Еске сала кетейік, Ұлттық куәландырушы орталығы Қазақстанда электрондық цифрлы қолтаңбаны 2008 жылдан бастап бере бастады. Бүгінгі күні республикада 1 миллион 488 мыңнан астам электрондық цифрлық қолтаңба берілген, олардың ішінде 109 962-сі жеке куәліктерге жазылды. 2012 жылғы шілденің 1-нен бастап Қазақстан тұрғындарының жеке куәліктерге ЭЦҚ құралдарын жазу мүмкіндігі пайда болды. Әрбір азаматтың басты құжатына ЭЦҚ-ны орналастырудың басымдылығы қауіпсіз сақтау болып табылады, кілттің жасырын бөлігін көшіру мүмкіндігіне жол берілмейді. Жеке куәлік жоғалған кезде электрондық қолтаңбаны пайдалану мүмкін емес, бұл үшін пин-код (банктік картаға ұқсас жасырын код) білу қажет.