Қаңтар айында экономикалық өсімнің баяулағанын байқап отырмыз -Үкімет басшысы

АСТАНА 14 ақпан. ҚазАқпарат  /Марлан Жиембай/ - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ағымдағы жылдың қаңтар айындағы экономикалық өсімнің баялауына қынжылыс білдірді.

Қаңтар айында экономикалық өсімнің баяулағанын байқап отырмыз -Үкімет басшысы

«Өкінішке орай, қаңтар айында экономикалық өсімнің баяулағанын байқап отырмыз. Яғни, қаңтардағы экономикалық өсім 4,8 пайызды құрады. Егер тереңірек қарар болсақ, онда өнеркәсіптік өсімде баяулаған. Сондықтан да Сізге, Экономикалық даму және сауда министрі ретінде  келесі сейсенбіге дейін факторлар бойынша сараптама жасауды тапсырамын»,-деді К. Мәсімов аталған ведомствоның басшысы Бақытжан Сағынтаевқа.

Елбасының 7 пайыздық өсімге қол жеткізу туралы  тапсырмасын орындау үшін кемшіліктерді түзету қажеттігін баса айтқан Премьер-Министр, осы ретте Б. Сағынтаевқа әлемдік үрдісті, индустрияландыру картасын тағы бір шолып шығуды жүктеді.

Сонымен қатар бюджет қаражатына салынған кәсіпорындардың тұрып қалуына баса назар аудару керектігін ескерткен Үкімет басшысы: «Өкінішке орай мұндай фактілер бар. Одан экономика да, басқа да мәселелер де зардап шегеді»,-деді.