Қаңтар айында теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы нығая түсті
АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың алғашқы айында теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы нығая түсті.
Егер айдың басында доллар 147,17 теңге болса, айдың соңында оның құны 146,87 теңгені құрады.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қаңтарда доллар бағамы 147,39 теңгеге жетті - бұл өткен айдағы ең жоғары көрсеткіш. Бірақ та осыдан кейін теңгенің бағамы нығая түсіп, қаңтардың екінші онкүндігінде доллар 146,89 теңгеге тең болды. Ал бір аптадан кейін доллардың бағамы айлық минимумға жетіп, 146,78 теңгеге бір-ақ түсті.
Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко қаңтар айында баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде, Қазақстанда девальвация болмайтынын мәлім еткен болатын. Бас банкирдің айтуынша, 2010 жылы валюта нарығындағы жағдай тұрақты болды. Атап айтқанда, өткен жылдың 12 айында теңгенің биржадағы орташа айырбас бағамы 147,34 теңгені құраған. Ал жылдың соңына қарай биржа бағамы 147,50 теңге болған. Жылдың басынан бері теңгенің долларға қатысты бағамы 0,6 пайызға нығайған.