14:08, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Қаңтар айында тұрғын үй нарығында бағаның біршама төмендегені байқалған
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қаңтар айындағы көрсеткіштер бойынша тұрғын үй нарығындағы бағаның біршама төмендегені байқалады.

Бұл туралы ҚазАқпарат Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2009 жылдың қаңтарында жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы бұның алдындағы аймен салыстырғанда 1 пайызға дейін төмендеген. Ал тұрмысқа жайлы тұрғын үйлерді қайта сату 1,7 пайызға арзандаған. Сондай-ақ жай пәтерлерді сату бойынша үйлердің бағасы 2,1 пайызға төмендесе, жалға берілетін баспана 0,4 пайызға арзандаған. Мәселен, жаңа үйді сату бағасы биылғы қаңтар айында шаршы метріне 146 мың 43 теңгені құраған. Бұл осыдан бір ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда бағаның 1 пайызға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға арзандағанын көрсетеді. Сонымен бір мезгілде, тұрмысқа жайлы тұрғын үйлердің қайта сату бағасы қаңтар айында шаршы метріне 106 мың 180 теңге шамасында болып отыр. Бұл көрсеткіш өткен аймен салыстырғанда 1,7 пайызға төмен, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,6 пайызға арзан болып табылады.