Қаңтар айындағы ҰБТ: Бес талапкер 139 балл жинаған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар айындағы ҰБТ-ны 123 мың адам тапсырды. Олардың 102 мыңы шекті 50 балды жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар айындағы тестілеуді 123 мыңға жуық адам тапсырды. Олардың ішінде ЖОО-ға шартты негізде қабылданғандар, шығармашылықтан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер бар. Талапкерлердің 95 мыңы (77%) қазақ тілінде, 28 мыңы (23%) орыс тілінде, 91 адам ағылшын тілінде тапсырды. Қаңтар тестілеуіне ерекше оқу қажеттіліктері бар 274 бала қатысты», - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Тестілеу қорытындысы бойынша 102 мыңға жуық талапкер шекті балл (50) жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 83%-ын құрайды. Ал 21 мыңнан астамы (17%) шекті балл жинай алмады.

«Жалпы ҰБТ орташа балы 76 балды құрады. Ең жоғары балл – 139, оған Қазақстан бойынша 5 талапкер қол жеткізген. ҰБТ аяқталған соң, постмониторинг жүргізіледі, 31 желтоқсонға дейін барлық бейнежазбаға талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, сертификат жойылады», - деп ескертті спикер.

Талапкерлердің таңдауына келсек, көш басында математика-физика комбинациясы (19,2%) тұр, одан кейін 18,6% - биология-химия, 10,2% - шығармашылық және 10% - жаңадан қосылған математика-информатика комбинациясын тапсырған.


Соңғы жаңалықтар