Қаңтар-қараша аралығында еліміздегі бөлшек сауда 12,5 пайызға жоғарылады

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылғы қаңтар-қарашада еліміздегі бөлшек сауда көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 12,5 пайызға жоғарылап, 3 238,2 млрд.теңгеге жетті.

Қаңтар-қараша аралығында еліміздегі бөлшек сауда 12,5 пайызға жоғарылады

Бұл туралы Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылғы қарашада 2010 жылғы қарашамен салыстырғанда тауарларды бөлшек саудада өткізу көлемі 11,1пайызға жоғарылады. Сонымен қатар, 2011 жылғы қаңтар-қарашада сауда кәсіпорындары арқылы тауарларды өткізу көлемі 2010 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 1 655,2 млрд.теңгені құрады немесе бұл көрсеткіш 6,2 пайызға артық. 2011 жылғы қаңтар-қарашада базарлармен және жеке кәсіпкерлермен сауда көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1 пайызға жоғарылады, аталған өткізу арнасының үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінде 48,9 пайызды құрады.

Бөлшек сауда құрылымында азық-түлік емес тауарлар басым, бұл бөлшек сауданың жалпы көлеміне 63,8 пайызды құрайды. Азық-түлік емес тауарлардың бөлшек саудада өткізілуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,1 пайызға, азық-түлік тауарлар - 15,6 пайызға ұлғайған.