Қаңтар-қарашада еліміздегі бөлшек сауда айналымы 5 трлн. 580,4 млрд. теңгені құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы қаңтар-қарашада еліміздегі бөлшек сауда айналымы 5 трлн. 580,4 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы тиісті кезеңіне 100,3 пайызға тең болып отыр.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылғы қаңтар-қарашада сауда кәсіпорындары арқылы тауарларды өткізу көлемі 2014 жылғы қантар-қарашамен салыстырғанда 2 трлн 914,2 млрд. теңгені құрап, нақты мәні 2,8 пайызға төмендеген.
Деректерге қарағанда, бөлшек сауда құрылымында азық-түлік емес тауарлар басым болып, бұл бөлшек сауданың жалпы көлеміне 64,8 пайызға жеткен. Сонымен қатар, азық-түлік емес тауарлардың бөлшек саудада өткізілуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға өссе, азық-түлік тауарлар - 0,2 пайызға төмендеген.
«2015 жылғы 1 желтоқсанға бөлшек саудадағы саудамен айналысатын кәсіпорындардың тауарлық қорларының көлемі 337,1 млрд. теңгені құрады. Олардың саудадағы күндері - 59 күнге тең. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі аса жоғары үлес салмақты 2015 жылы қаңтар-қарашада республика бойынша Алматы қаласы (27,7%), Астана қаласы (10,7%) және Қарағанды облысы (9,3%) иеленіп отыр», делінген баспасөз баянында.