Қаңтар-мамыр аралығында ішек инфекцияларына шалдығу 15,7 пайызға төмендегені байқалды
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда жылдың басынан бастап 5 айдың ішінде асқынған ішек инфекциясымен ауыру деңгейінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда15,7 пайызға төмендегені байқалған.
ҚР Премьер-Министрі ресми сайтының хабарлауынша, бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық комитеті төрағасының орынбасары Айжан Есмағамбетова мәлім еткен.
«Ағымдағы 5 айда өткен жылмен салыстырғанда асқынған ішек инфекциясымен ауыру жалпы алғанда еліміз бойынша 15,7%-ға төмендеген», - деді А.Есмағамбетова.
Сонымен қатар, ол санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау шеңберінде апта сайын су, азық-түлік және жер сияқты қоршаған орта нысандарының жағдайын зертханалық қадағалау жүргізілетінін атап өтті.
Комитет басшысы орынбасарының айтуынша, ерте піскен жеміс-жидек өнімдерін сату маусымынан бастап жеміс-жидектердің 5 мыңнан астам сынамасы зерттелген, оған қоса сынамалардың 2,3%-ның құрамында нитрат мөлшерінің шектен тыс көп болуы байқалған.
Незінен алғанда сапасы төмен өнімдер Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресейден, Литвадан, сонымен бірге Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан әкелінеді.
Және де, асқынған ішек инфекцияларымен ауырудың алдын алу аясында сауда нысандарын тексеру барысында 100 тоннадан астам азық-түлік тұтынуға жарамсыз деп табылды.
Комитеттің мәліметінше, 43 тоннаға жуық сүт және сүт өнімдері, 14 тонна ет және 10 тонна кондитерлік өнім жарамсыз деп танылып, жойылды.