Қаңтар-мамыр айларында елімізде 33,1 млн. тонна мұнай өндірілді
АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат -Республикамыздың мұнай өндіруші компаниялары 2012 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында, газ конденсатын қоса алғанда 33,1 млн. тонна мұнай өндірген.
Бұл туралы «Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» АҚ-ның келтірген деректерінде хабарланды.
Талдау орталығының мәліметіне сәйкес, еліміздегі мұнай өндірудің негізгі өсімін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Қазгермұнай» БК ЖШС, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ компаниялары қамтамасыз еткен.
Ал жалпы бұдан бұрын да белгілі болғандай елімізде 2012 жылы жоспарланып отырған мұнай өндіру көлемі 81 млн. тоннаны құрайды. Бұл ретте Қазақстан үшін ерекше маңызы бар жобалар Теңіз және Қарашығанақ кеніштерін дамыту болып отыр.