Қаңтар-мамырда елімізде шикі мұнайды өндіру 2,5 пайызға артса, импорт 22,9 пайызға төмендеген
АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылғы қаңтар-мамырында еліміздегі мұнай ресурсының көлемі 31029,4 мың тонна құрады.
Көрсеткіш 2010 жылғы тиісті кезеңінен 0,4 пайызға төмен. Бұл туралы Статистика агенттігінен хабарланды.
Ведомство мәліметтеріне қарағанда, осыған қарамастан, республикада шикі мұнайды өндіру 2,5 пайызға артса, импорт 22,9 пайызға төмендеген. Шикі мұнайдың көп бөлігі өзге елдерге экспорталуда. Есепті кезеңде республикада шикі мұнай ресурстарының тек 4,2 пайызы қайта өңделген, 2010 жылғы қаңтар-мамырда бұл көрсеткіш 10,1 пайызды құрады. Жалпы ресурстардың көлеміндегі шикі мұнай экспортының үлесі 2010 жылғы қаңтар-мамырда 89,9 пайыздан 2011 қаңтар-мамырда 95,8 пайызға дейін жоғарылаған.
Бұдан бөлек, Агенттіктің мәліметінше, 2011 жылғы қаңтар-мамырда ішкі нарықта мұнай өнімдерін өткізу көлемі артқан (сұйытылған пропан және бутаннан басқасы). «Ішкі қажеттілікті отандық өндіріс толық көлемде қамтамасыз ете алмай отыр, сондықтан мұнай өнімдерінің ресурстарында олардың импорты бар. Мысалы, жалпы ресурстардың көлемінде мотор бензинінің импорты 27,5 пайызды (2010 жылғы қаңтар-мамырда - 16,1 пайыз) құрады, керосин - 29,5 пайыз (15,9 пайыз), дизель отыны - 1,3 пайыз (6,5 пайыз) шамасында болды», - делінген хабарламада.