18:30, 11 Шілде 2013 | GMT +5
Қаңтар-мамырда Қазақстан халқының табиғи өсімі 99,2 мың адамды құрады
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 17010,6 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар - 9339,2 мың (54,9 пайыз), ауылдықтар - 7671,4 мың адамды (45,1 пайыз) құрады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«2013 жылғы қаңтар-мамырда жалпы елімізде халық саны 100,8 мың адамға немесе 0,6 пайызға, ал өткен жылғы 1 маусыммен салыстырғанда 234 мың адамға немесе 1,4 пайызға өсті»,-деді агенттік басшысы.
Ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі (2012 ж. қаңтар-мамырда - 97 мың адам) 99,2 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,1 (13,9) адамды құрады.
- 2013 ж. қаңтар-мамырда АХАТ органдарында 159,3 мың туылғандар тіркелді, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға артты. 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті 22,6 туғандарды құрады.
- Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның 17 миллионыншы тұрғыны 2013 жылдың 16 мамырында тіркелді.