Қаңтар-мамырда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 3,3 пайызға артқан
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың 5 айында тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,3 пайызға жоғарылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,3 пайызға артты. Көрсеткіш өсімі 15 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсімді Алматы қаласы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстары көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің – 31,9, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,8 және электр жабдықтарын жасаудың – 37,8 пайызға артуы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсім келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі, мұнай өңдеу өнімдері, құрылыс материалдары, сусындар өндірісі, пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсібі», - деді министр.
Оның дерегінше, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,3 пайызға жоғарылады. Бұл ретте мұнай өндіру – 2,4, газ өндіру – 1,3, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 20 пайызға артты. Металл кендерін өндіру – 0,5, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 7,3, көмір өндіру 8,5 пайызға төмендеді.