Қаңтар-маусымда Қазақстанның ЖІӨ 4,2 процентке өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында Қазақстан жалпы ішкі өнімі 4,2 процентке өсті. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің 2017 жылғы қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаңтар-маусымда Қазақстанның ЖІӨ 4,2 процентке өсті

«Есепті кезеңде Қазақстан экономикасы биржалық тауарлар бағасы конъюнктурасының тұрақты болуы, Қазақстанның негізгі сауда әріптестері елдерінде экономикалық белсенділіктің артуы, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсуіне қатысты оң күтулер жағдайында дамыды. Мұнай бағасы ағымдағы жылғы маусым айында барреліне 46,9 долларға дейін құлдырауына қарамастан, өзінің тұрақтылығын сақтады. Ағымдағы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша, ол барреліне 52,2 доллар деңгейінде қалыптасты, бұл 2016 жылғы ұқсас деңгеймен салыстырғанда үштен бір есе жоғары. Барлық негізгі металдарға бағаның өсуі байқалады», - деді ол.

Жалпы алғанда министр сыртқы факторлардың Қазақстан экономикасына жағымды әсерін және экономикамыздың ішкі даму параметрлерінің бірте-бірте тұрақтануын атап өтті.

«Алдын ала деректер бойынша, ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда Қазақстанның ЖІӨ 4,2 процентке өсті. Тауар өндірісі экономикасына қосылған оң үлес 2,6 пайыздық тармақты, қызмет көрсету - 1,3 пайыздық тармақты, өнімдер салығы - 0,3 пайыздық тармақты құрады», - деді Тимур Сүлейменов.