Қаңтар-наурызда 46,5 мың ұл және 43,8 мың қыз бала дүниеге келді
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Қаңтар-наурызда 46,5 мың ұл және 43,8 мың қыз немесе 100 қызға 106 ұл дүниеге келді, деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның хабарлауынша, 2010 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда ұлдар 3,9 пайызға, қыздар 3,6 пайызға көп туылған. Дүниеден озған еркектер 21,2 мыңды, ал әйелдер 17,6 мыңды немесе 1000 әйелге 1201 еркекті құрайды. Өткен жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда еркектер 7,5 пайызға, әйелдер 6,4 пайызға көп қайтыс болды.
Халық арасындағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі қан айналымы жүйесінің бұзылуы болып отыр. Бұл аурумен қаза тапқандар 45,7 пайызды (2010 жылы қаңтар-наурызда - 46,2 пайыз) құрайды. Ал төтенше оқиғалардан, уланудан және жарақаттан мерт болғандар саны - 4131, оның ішінде кісі қолынан қаза тапқандар - 414, өзіне-өзі қол жұмсағандар - 806 және жол-көлік оқиғасынан мерт болғандар 611 адам.