Қаңтар оқиғасына 2 жыл: Мемлекет бұдан қандай сабақ алуы керек

қаңтар
Kazinform коллажы

Екі жыл бұрынғы Қаңтар оқиғасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы қастандық, мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Биыл Қаңтар оқиғаларына екі жыл толды, бұл Қазақстанның саяси тарихындағы үлкен трагедиялы кезең саналады. Қаңтар оқиғалары – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы қастандық, мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келгеннен кейін демократияға бет алды, сол кездегі реваншистік топтар өзінің коррупциялық қаржысын, оған қоса билікті қолынан жібергісі келмеді. Сондықтан олар екі жыл бойы әртүрлі қаскүнемдік жасап келді. Мұның соңы Қаңтар оқиғасына ұласты», - деді сарапшы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Е.Саиров Президенттің кеше Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Қаңтарға қатысты барлық сұраққа толыққанды жауап бергенін атап өтті.

«Саяси тарихқа қарасақ, қандай да бір мемлекетте ескіні аңсайтын азаматтар олар билікті ұстап қалу үшін қолдан келгеннің барлығын істейді. Сондықтан қаңтарға қатысты шындық бір-ақ нәрсе – 30 жыл ішінде қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, халықтың кедейленіп кетуі және халықтың осы әлеуметтік әділетсіздікті көруі. Яғни ресурстардың барлығы жекеленген топтың, оның ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының, оның айналасындағы адамдардың қолына шоғырланды. Осының барлығын көрген халық көшеге шықты. Міне, осыны қаскүнем топтар өз мүддесіне пайдалануға тырысты. Сондықтан Қаңтар оқиғаларының негізгі себептері – 30 жылдағы халыққа қарсы саясат. Екіншіден – қастандық ойлаушылардың Президент Тоқаевқа қарсы нақты іс-қадамдары», - деді ол.

Депутат айтқандай, Қаңтар оқиғаларынан алатын ең негізгі сабақ – мемлекеттің саясаты халықтың мүддесіне жұмыс істеуі керек.

«Мемлекеттің бүкіл экономикалық ресурстарының барлығы халықтың басым көпшілігіне қызмет етуі керек. Қазақстандағы азаматтардың барлығына еңбек етуіне, кәсіпкерлікпен айналысуға, өзінің шығармашылық потенциалын көрсетуге жан-жақты мүмкіндік ашылуы керек. Егер осындай үйлесімді мемлекет болса, мұндай оқиғалар ешқашан қайталанбайды», - дейді Ерлан Саиров.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 2 қаңтарында жаңаөзендіктердің сұйытылған газ бағасының көтерілуіне байланысты басталған бейбіт митинг аз уақыттың ішінде еліміздің бүкіл аймағына тарап, оның соңы мемлекеттік төңкеріске айнала жаздады.

Бұған дейін Kazinform агенттігі Қаңтар қасіретіне қатысты деректер мен атышулы істерге шолу жасаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар