Шетелдік азаматтарды азаптаған полицейлер сотталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған алты полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты.

Алматы облысы Қарасай аудандық сотынан қызметі мәлім еткендей, 2022 жылдың қаңтарында 44 жәбірленуші, оның ішінде Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары полиция басқармасының арнайы қабылдағышына орналастырылды.
– Сотталушылар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, заңға қайшы әрекеттер жасады, нәтижесінде зардап шеккендер азапталды, - деп хабарлады Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметі.
Прокурор судьядан сотталушыларды кінәлі деп танып, оларды 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ал, қорғаушы тарап сотталушыларды ақтауды сұрады.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, сотта расталған және зерттелген басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді.
– Сот үкімімен 6 полиция қызметкері 146-баптың 1-бөлігінде (2023 жылғы 17 наурызға дейін редакцияда) және ҚК-нің 362-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша ҚК-нің 58-бабының 2-бөлігіне сәйкес әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, азапталғандардың арасында белгілі қырғыз музыканты Викрам Рузахунов та бар.
Осыған дейін Қаңтар оқиғасы бойынша жеткізілген азаматты азаптаған алматылық полиция қызметкері сотталған еді.
Еске салайық, 2023 жылы Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және азаптау баптары бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды.