Қаңтар оқиғасы: 8 полицейге қатысты екі қылмыстық іс сотқа жолданды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасы бойынша полиция органының 8 қызметкеріне қатысты екі қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы және Талдықорған қалаларында тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактілері бойынша полиция органының 8 қызметкеріне қатысты екі қылмыстық іс сотқа жолданды», - деді Е. Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, жалпы, құқық қорғау және арнаулы органдардың 29 қызметкері күдікті ретінде танылды.
«Оның 8-і сотта, 20-сы бойынша іс материалдарымен таныстыру жүргізіліп жатыр, ал біреуі бойынша тергеу жалғасып отыр», - деді Бас прокуратура өкілі.