Қаңтар оқиғасы: Азаптау қылмысы бойынша күдікке ілінгендерге рақымшылық жасалмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасына қатысты құқық қорғау органдарынан тек бір ғана адам рақымшылық іс-шараларымен қамтылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар оқиғасы: Азаптау қылмысы бойынша күдікке ілінгендерге рақымшылық жасалмайды

«Қазіргі кезде құқық қорғау саласындағы 49 адам жауапкершілікке тартылып жатыр. Оның біреуіне ғана рақымшылық қолданылуы мүмкін. Ол іс әлі сотқа жолданған жоқ. Күдікті қылмысты жасыру дерегі бойынша тергеліп отыр. Ал қалғандары азаптау мен билікті асыра пайдалану істері бойынша тергелді», - деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев депутаттардың сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда адамдарды азаптау қылмысы бойынша күдікке ілінген құқық қорғау қызметкерлеріне рақымшылық қолданылмайтынын нақтылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қаңтардағы азаптауға қатысты 17 полицей мен 12 ҰҚК қызметкері жауапкершілікке тартылады.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Алдын ала жасалған есептеу бойынша осы кезеңде рақымшылық 1,5 мыңға жуық адамға жасалады.