Қаңтар оқиғасы: Бас прокурор теракт жасау айыбы тағылған екі оқиға туралы айтып берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасы бойынша арнайы топ 573 адамды сотқа тартты. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілісте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде біздің істер бойынша 573 адам сотталды. Оның ішінде теракт жасау фактісі бойынша 2 іс бар. Қызылордада Құдайбергенов әскери қызметкердің автокөлігін тартып алып, әскерилер тобына шабуыл жасаған. Соның салдарынан Қайсаров қаза болды. Ал Таразда Бекболов есімді тұрғын әкімдіктің ғимаратына шабуыл жасауға қатысып, полиция қызметкерлері мен әскерилердің бастарынан оқ атуға шақырған», - деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында.

Қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталды.Олардың 13-іне қатысты іс сотта қаралуда.

«Тәртіпсіздікке қатысқан көп адамды тоқтатуға құқық қорғау күштерінің мүмкіндігі болмады. Оның үстіне, қызметкерлердің басым бөлігінде қару болған жоқ. Олар соңына дейін тек арнайы құралдарды – су атқыштар, резиналық таяқшаларды қолданды. Бірақ сол уақытта жүздеген тәртіп сақшылары жараланған еді, оның ішінде оқтан жарақат алғандар да болды. Ал бір офицер қалалық әкімдікте болған өртте тірідей жанып кетті», - деді Бас прокурор.

Жаппай тәртіпсіздік барысында қаза тапқандарға ерекше назар аудару керек. Мысалы, объектілерді қорғау және лаңкестікке қарсы операция барысында 238 азамат қаза тапты, олардың 41 бұрын сотталған. Бас прокуратура тергеу барысында барлық ақпаратты қайта тексеріп, 67 азаматтың жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқанын, 142 адам терроризмге қарсы операция кезінде ерекше режимді бұзғанын, 4 адам басқа құқық бұзушылықтар барысында қаза тапқанын анықтады.

Тәртіпсіздіктер мен одан кейінгі төңкеріс жасау әрекеті мұқият жоспарланған. «Қаңтар оқиғаларына» дайындық бүкіл 2021 жыл бойы жасырын түрде жүргізілген.

Бұған дейін Б. Асылов қаңтардағы тәртіпсіздікке 35 жасқа дейінгі адамдар көп қатысқанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар