Қаңтар оқиғасы бойынша 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтырғы қаңтар оқиғасы бойынша 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Тергеу нәтижесін міндетті түрде қоғамның назарына жеткізетін боламыз», - деді Б. Асылов.
«Арнайы прокурорлар 720 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Одан бөлек, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар», - деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Бас прокурордың айтуынша, 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған. Негізінен жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың көбі – 35 жасқа дейінгі адамдар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаңтар оқиғасынан кейін рақымшылық 1 095 адамға қатысты қолданылды.
Сонымен қатар, қаңтардағы азаптаулар туралы шағымдар бойынша 329 қылмыстық іс қозғалды.
Бас прокурордың айтуынша, бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов заңсыз бұйрық берген.