Қаңтар оқиғасы: Түркістан облысында 6 қылмыстық іс сотқа жолданды

Жалпы, Түркістан облысы полиция департаменті тергеушілерінің, сондай-ақ қала, аудандық полиция бөлімшелерінің іс жүргізуінде қаңтар оқиғасы кезінде тіркелген 17 қылмыстық іс болған. Олардың ішінде тонау, бұзақылық, заңсыз қару сақтау, есірткі заттарын сақтау, бөтеннің мүлкін қасақана жою, көрінеу жалған ақпарат тарату істері тіркелген.
«Тергеушілер ауқымды әрі тыңғылықты жұмыстарды жүргізді. Тәртіп сақшылары 20-дан астам күдіктіні ұстап, қамауға алды. Олардың ішінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 14 тұрғын блокпоста ұсталды. Тергеушілер қылмыс орын алған аумағына қарай 14 күдіктіге қатысты 8 қылмыстық істі Алматы қаласының Полиция департаментіне жолдады. Ал, 6 қылмыстық іс бойынша жиналған материалдар айыптау актісімен бірге сотқа жолданды» - дейді, Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.
Полиция полковнигі күдіктілердің қалай қолға түскендерінде айтып берді. Мәселен, қаңтар оқиғасынан кейін Түркістан қаоасының Ынтымақ блок-бекетінде тәртіп сақшылары ішінде екі жолаушысы бар «Yutong» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Олардан 3 ұялы телефон, 5 фотоаппарат, ноутбук, 11 алтын бұйым, жаңа киім мен аксессуарлар, сондай-ақ 200 мың теңгеден астам ақша тәркіленді. Күдіктілердің айтуынша, олар тәркіленген мүлікті Алматы қаласындағы көшелердің бірінде орналасқан тұрмыстық техника дүкені мен зергерлік дүкеннен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу барысында ұрлаған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі «Тонау» бойынша тіркеді. Күдіктілер қамауға алынған. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары Алматы қаласының прокуратурасына жолданды.
Сол күні жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Шардара полиция бөлімінің полицейлері Түркістан облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірге Шымкент қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысқан жергілікті тұрғынды ұстаған. Тінту кезінде жедел уәкілдер ұсталған адамның үйінен жалпы салмағы шамамен 9 келі болатын марихуана есірткісін, ИЖ автоматын, 30 патрон мен 3 жиналмалы пышақты тапқан. Аталған дерек, ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» мен ҚК-нің 274-бабы 4-бөлігі «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша тіркелді.
Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу материалдары айыптау актісімен бірге Шардара ауданының сотына жіберілген.