Қаңтар оқиғасына қатысты 83 адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілді
«8 өңірде 30 мыңнан астам тергеу жүргізілді. 4 мыңнан аса сот сараптамасы тағайындалды. Міндетті тергеу әрекеттері қылмыстарға әр қатысушысының рөлін анықтау, оның әрекеттерін объективті бағалау және заңды процестік шешім қабылдау үшін жасалады. Қазіргі уақытта 349 күдікті қамауда отыр», - деді Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, күдіктілердің ғимараттарды өртеуге, қаруды жымқыруға, мемлекеттік нысандарға және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауға белсенді түрде қатысқандығы анықталған. Әрбір қамауға алынған адам бойынша олардың қылмыстарға қатыстылығы туралы жеткілікті мәліметтер бар.
Жалпы, қаңтар оқиғалары бойынша сотқа 479 қылмыстық іс жолданып, олар бойынша 545 адам істі болды.
Елдос Қилымжановтың сөзіне қарағанда, қаңтар оқиғасына қатысты Қазақстанда 83 адам нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олар билік өкілдеріне қатысты күш қолданғаны, мүліктерді зақымдауға байланысты ауыр қылмыстарды жасағандары, залалды өтемегені үшін жауапқа тартылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде арнайы прокурорлардың іс жүргізуінде жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 53 және терроризм актілеріне қатысты 32 қылмыстық іс бар .
Мемлекеттік объектілерді өрттеу, мүліктерді жою және терроризм актілері Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жасалғаны белгілі болды.