Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық: Әшімбаев қабылданған Заңға пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент қабылдаған «Рақымшылық жасау туралы» Заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық: Әшімбаев қабылданған Заңға пікір білдірді

«Қабылданған заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктермен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Сонымен қатар заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманизм қадамы деп қабылдаймыз. Бұдан былай осындай қайғылы оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз», – деді М. Әшімбаев.

Құжат қазақстандықтарды қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босатуды көздейтін нормаларды қамтиды. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады.

Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға: ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзім төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстар үшін жартысына қысқарады.

Бұдан басқа, заңда босатылатын адамдарды жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу шаралары қарастырылған.

Бұл ретте азаптаулар жасаған адамдар, террористер, экстремистер, рецидивистер және тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар рақымшылыққа жатпайтынын атап өткен жөн.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Рақымшылық жасау туралы» Заң қабылданды.

Қаңтар оқиғасына қатысты 20-ға жуық адам жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы ретінде күдікке ілінді.

Сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде заң бұзған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тек біреуіне рақымшылық жасалатыны мәлім болды.




Фото: senate.parlam.kz