Қаңтар оқиғасынан кейін денсаулығым сыр берді - кәсіпкер
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде мемлекеттік және жеке нысандардың қирағаны белгілі. Салдарынан кәсіпкерлерге және жеке тұлғаларға миллиардтаған шығын келді. Оның дені Алматыда. Залал келіп, шығынға батқан кәсіпкерлкердің бірі - Айгүл Мырза, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ел тарихында қара таңба болып қалған қаңтар оқиғасына бір жылға жуық уақыт болды.
Қоғамды тәртіпсіздік жайлаған сол күндері республика бойынша мыңдаған кәсіпкер зардап шекті. Бүлік кезінде Алматыда жүздеген нысан қирады.
Бүгінгі күні кәсіпкерлердің басым бөлігі қайта аяққа тұрып, кәсібін жалғастырып жатыр.
Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Айгүл Мырзаның ақша айырбастау пунктіне бір топ адам басып кірген.
«Абырой болғанда, қызметкерлер шығып үлгерді. Бұзақылар бәрін қиратып, ақшаны қолды етті. Бизнес саласында жүргендер тәуекелге барады. Кәсібін дамыту үшін қолындағысын салады. Біз де сөйттік. Орта жасқа келгенде далада қалдық деп ойладым. Қазір ойласам жүрегім сыздап, қан қысымым көтеріліп, дірілдеп кетем. Сол оқиғадан кейін денсаулығым сыр берді»,- дейді кәсіпкер.
Айтуынша, мемлекет оларды қараусыз қалдырмаған. Өтемақы алып, аз уақыттың ішінде кәсібін қайта жандандырды.
«Тәртіпсіздік салдарынан менің бизнесіме 52 млн теңгеден астам залал келді. Бүкіл қажетті құжаттарды рәсімдегеннен кейін төрт айдың ішінде есепшотыма тиісті қаражат толық көлемде аударылды. Осындай қиын кезде Үкімет үміт сыйлады. Бізге көмекке келді. Кәсібімізді ары қарай жалғастыруға мүмкіндік берді. Айтар алғысым шексіз»,- дейді алматылық кәсіпкер.
Айта кетейік, Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде 1 600-ге жуық бизнес субектісі зардап шекті. Оның 96 пайызы - шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі.